«Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары өтеді
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында Астанада «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады, олар жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғыз құмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сайысады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 700-ден астам: 500-ден астам бала бар, сол сияқты жаттықтырушылар мен ата-аналар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша іс-шараның негізгі міндеті – балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттық әлеуетін дамытуға және физикалық, интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ету. Сонымен қатар, ойындар мүмкіндігі шектеулі балалардың алдында тұрған мәселелерге қоғамның назарын аударады.