«Жетісу» неміс футболшысымен келісімшартқа отыруы мүмкін
Талдықорғандық «Жетісу» 31 жасар неміс жартылай қорғаушы Майк Карвотпен келісімшартқа отырады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Неміс жартылай қорғаушысы мансабын бундеслигадағы «Ганновер 96» жастар командасында бастады, негізгі құрамға енбегеннен кейін, ол Грекияның екінші дивизионында ойнайтын «Фостирас» клубына ауысты. Алайда қаржылық мәселелерге байланысты клубтан кетіп, Германияға оралып, төртінші дивизиондағы клубтарда ойнады.
Майк Карвоттың соңғы клубы Польшада екінші лигасында ойнайтын «Погонь Седльце» болды. Мансабында неміс ойыншысы 290 матч өткізіп, 16 гол соғып, 21 нәтижелі пас берді.