Жамбы атудан ел чемпиондары анықталды
Жамбыл облысы, Меркі ауданында жамбы атудан ересектер арасындағы Х Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport+ Ұлттық және ат спорты Орталығының мәліметі бойынша.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 30 спортшы еліміздің басты мергені атану үшін бақ сынады. Жылдың басты әрі соңғы жарысының алғашқы күні мергендер «Мажар» стилінен бастады. Нәтижесінде, Түркістан облысының намысын қорғаған Сарыбай Айтбек 77,94 ұпаймен алтынды, 77,22 ұпаймен түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, ал жамбылдық Тұлыбеков Абзал 66,41 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.
Екінші күні спортшылар «Азия» стилінен сынға түсті. Бұл нысананы дәл көздеген Түркістан облысының намысын қорғаған үш спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Батыр Бексауыт алтын, Айкөз Ералхан күміс, Сарыбай Айтбек қола жүлде еншіледі.
Үшінші жарыс күні жамбы атушылар «Түркі» нысанасын көздеді. Нәтижесінде, жарақатына байланысты бір жылдық үзіліс алған мергеніміз жамбылдық Бабажан Бақдәулет бабында екенін тағы бір дәлелдеп, алтын жүлде иеленді. Түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, Меркі ауданының тумасы Тұлыбеков Абзал қола жүлде еншіледі. Қазақтың төл нысанасы «Жамбы» стилі бойынша түркістандық Айкөз Ералхан алтын жүлде жеңіп алды. Айтбек Сарыбай күмісті, Батыр Бексауыт қола жүлдені еншілеп Түркістан облысына командалық есеп бойынша жеңіс әкелді.