Қазақстан құрамасының Junior Davis Cup Finals турниріндегі өнері: Шухрат Каюмов пен Ансар Ниетқалиевтің пікірі

Қазақстан құрамасының Junior Davis Cup Finals турниріндегі өнері: Шухрат Каюмов пен Ансар Ниетқалиевтің пікірі

Мысыр астанасы Каирде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы теннистен командалық әлем чемпионаты – Junior Davis Cup Finals турнирінің финалдық кезеңі жалғасуда. Жарыстың қазақстандық спортшылар үшін маңызы мен ұлттық құраманың өнер көрсетуі туралы Қазақстан теннис федерациясының спортты дамыту жөніндегі директорының орынбасары Шухрат Каюмов пен құрама ойыншысы Ансар Ниетқалиев айтып берді.

Биыл Қазақстан құрамасы аймақтық іріктеу турнирінде екінші орын алып, әлемнің ең үздік 16 командасының қатарына енді және финалдық кезеңге жолдама жеңіп алды. Ел намысын Ахмади Маханов, Ансар Ниетқалиев және Родион Трайгель қорғауда.

Шухрат Каюмов мұндай деңгейдегі жарыстарға қатысу жас теннисшілердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуы мен дамуы үшін маңызды кезең екенін атап өтті.

«Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және 16 жасқа дейінгі теннисшілер үшін ең басты командалық жарыс саналады. Қазақстанның әлемдегі ең үздік 16 құраманың қатарына енгенін мақтан тұтамыз. Біздің спортшылар үшін бұл – баға жетпес тәжірибе әрі халықаралық аренада өз мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттілігін сынауға берілген тамаша мүмкіндік. Біз өте күрделі топқа түстік. Қарсыластарымыздың қатарында соңғы екі турнирдің жеңімпазы АҚШ және әлемдік теннистің жетекші елдерінің бірі Франция бар. Осындай кездесулер жас ойыншылардың шеберлігін шыңдап, алға жылжуына ықпал етеді», – деді Шухрат Каюмов.

Франция құрамасына қарсы алғашқы кездесуден алған әсерімен Ансар Ниетқалиев те бөлісті. Қазақстандық теннисші Бенуа Гелдофқа 3:6, 3:6 есебімен жол берді.

«Мұнда әлемнің ең мықты жас теннисшілері жиналған, сондықтан әрбір матчта барынша жинақы ойнау қажет. Алғашқы кездесуімді жаман бастаған жоқпын, алайда шешуші сәттерде асығыстық танытып, маңызды ұпайларды өз пайдама шеше алмадым. Қарсыласым, әсіресе, бір қолмен орындайтын бэкхенд соққыларын өте тиімді пайдаланды. Біз Үндістан құрамасымен бұған дейін Шымкенттегі аймақтық іріктеу кезеңінде кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Сол тәжірибені пайдаланып, алдағы матчтарда барынша жақсы ойын көрсетуге тырысамыз», – деді Ансар Ниетқалиев.

Еске сала кетейік, Junior Davis Cup Finals турнирінің топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен бір топта өнер көрсетуде. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша әр топтан үздік екі құрама ширек финалға шығып, чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында  пайдалана алады. 



Күн шежіресі