logo

Дәстүрлі садақ ату тартымдылығының сыры неде? Журналистік эксперимент

Дәстүрлі садақ ату тартымдылығының сыры неде? Журналистік эксперимент

Соңғы жылдары ұлттық спортқа қолдау артып, кеңінен насихатталуда. Соның ішінде ең жас спорт түрі — дәстүрлі садақ атуға деген қызығушылық ерекше. Отандық басылымдар мергендер спорты жайында «Жаңа тренд: сәнге айналған садақ ату», «Дәстүрлі садақ ату — ұлттық спорттың ең либералды түрі» деген тақырыптармен жарыса мақалалар жариялауда.

Мен спорт журналисі ретінде Алматы облысындағы дәстүрлі садақ атудан алғашқы чемпионатыма барғанда, бұл спорт түрі бірінші кезекте әсемдік тұрғысынан жүрегімді жаулады. Жүздеген адам нағыз этно киімде, қолдарына садақ ұстап, оқ жинау үшін нысананы беттегенде, бейнебір тарихи фильмнің кадры ма дерсің… Осылайша мен бұл спорт түрін тереңінен зерттегім келді. Ал, зерттеудің ең тиімді жолы — өзің айналысып, тәжірибе жүзінде сынап көру.

АЛҒАШҚЫ ЖАТТЫҒУ

Астанадан дәстүрлі садақ ату орталығын таптым. Кейін білгенім Қазақстанда осы спорт түрін дамытып жүрген азаматтардың ашқан жаттығу залы екен. Заманауи қалада жүріп, көзіміз әбден жалтыраған әдемілікке үйренген, бастапқыда бұл зал қалай болар екен деп ойлағаным да бар. Бірақ бұл жерде сырт көзге көрінетін эстетикадан да жоғары дүние бар екенін кейін түсінем. Дәстүрлі садақ атудың классикалық түрінен бір айырмашылығы — құралдары қолдан жасалады, яғни Олимпиада Ойындарындағы садақ пен жебелер сынды мінсіз емес, бірақ ең қызығы көшпенділердің маңызды атрибутының мәні де сол мінсіз болмауында екен. Ағаштан, кейде тіпті сүйектен жасалған құралға шебердің көз майы сіңген, ұстаған адамға да өзіңе арналып жасалғандай қолыңа қонымды. 5-6 метр қашықтықтан атуды бастадым. Жаттықтырушы барлығын түсіндірді, бірақ дәстүрлі садақ атуда нысанаға дәл тигізу үшін ережені жаттап алу немесе техниканы ұштаудан жоғары сатыда — сезім тұрады екен. Яғни, көздеген сәт ішкі түйсігіңмен орындалатын процесс. Міне, дәл осы жерде ең қызығы басталды. Қазіргі реалист адамдарға күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ нысананы көздеп, жебені керіп тартқанда көз алдыма ата-бабамның жауға шапқаны келді, аттың дүбірін естігендей болып, денем шымырлады. Бір келген адам неге қайта-қайта осы жерді аңсайтынын енді түсінгендеймін. Бұл — бірінші кезекте рухтың азығы екен.

Дәстүрлі садақ ату тартымдылығының сыры неде? Журналистік эксперимент     Дәстүрлі садақ ату тартымдылығының сыры неде? Журналистік эксперимент

Елімізде дәстүрлі садақ атуды дамытып жүрген Диас Ахметов те өз сөзінде айтқаны бар: «Кейде садақ атуға қазақылықтан мүлдем алыс жасөспірімдер не ересектер келеді. Қызық тенденция — 3-4 ай садақ атқаннан кейін сол адамдардың бойынан өзгерістер байқала бастайды. Киіну стилі, сөйлеу мәнері қазақылана түсетіндей»

ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДЫҢ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ

Осылайша, жарты жылға жуық уақыт болды, аптасына бір рет садақ ату орталығына барамын. Бұл жер мен үшін күйбең тіршіліктен, мегаполистің шулы өмірінен демалатын аралға айналды. Садақ атқанда миым толық тынығады. Бір жаттығуда жүзге жуық оқ атамыз. Біреуі дәл тисе, тағы біреуі нысанадан мүлдем алыс. Бірақ өзім үшін түйгенім маған нәтижеден гөрі, процесстің өзі маңызды, ләззат сыйлайтын да сол. Садақ атқанда ата-бабаммен, өз діңгегіммен байланыс үзілмейтіндей көрініп тұрады. Санамызға әсері ұшан-теңіз тоқтаусыз ақпарат легінде келген сайын қазақылығымды жаңғыртып қоятын, өз мәдениетімді ұмыттырмайтын құрал көрінеді. 

Садақ атуға құрбыларымды, әпкелерімді ертіп келетін болдым. Олардың алғаш атқандағы сезімін бақылаған ұнайды. Дәстүрлі садақ атумен тағы бір адамды таныстырсам, төл өнерімізге қосқан үлес деп қуанып қаламын. Дәл осы материалды жазудағы мақсатым да сол. Бұл жазба менің басқа журналистік жұмыстарыма мүлдем ұқсамайды, өйткені сезім туралы жазуға ерік бердім.

Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының мүшесі Айым Тілепберген Forbes сайтына берген сұхбатта: «Спорттың бұл түрімен айналысу үшін адамның жасына, жынысына, денсаулығына қатысты қандай да бір шектеу жоқ. «Көзім нашар көреді», «қан қысымым бар», «салмағым аз» деген сылтаулар жүрмейді мұнда. Бірақ бұл техникалық тұрғыда өте күрделі спорт, соны ескеру қажет: садақ ату барысында денедегі барлық бұлшық ет жұмыс істейді. Мұнда жүрек қағысын ретке келтіріп, дұрыс тыныс алу өте маңызды. Садақ атудың дәстүрлі форматында ату қашықтығы да, садақ салмағы да әртүрлі болады. Тұрақты түрде кәсіби айналысамын деген адамдар өздеріне лайықтап садақ пен оқ жасатып алады. Садақ қолдың ұзындығына лайықтап жасалады.

Дәстүрлі садақ ату балалар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы спорт түрі. Омыртқаның дұрыс қалыптасуына әсер етіп, адамдардың ойлау, көру қабілетін жақсартады. Жақын әрі алыс қашықтыққа садақ ату арқылы спортшылардың көз жанары жаттығады. Сондықтан да, өз басым, бұл — әр адам ыңғайын таба алатын спорт түрі дер едім. Дәстүрлі садақ атуға келген адамға қойылатын жалғыз талап — ол сабырлы, ұстамды бола білуі керек», - деп осы спорт түрінің пайдасын атап өткен.

Дәстүрлі садақ ату тартымдылығының сыры неде? Журналистік эксперимент

Қазақстанның барлық аймағында дәстүрлі садақ ату дамып келе жатқаны қуантады. Ұлттық спортымыздың бұл түрімен жас ұрпақты барынша ерте таныстырсақ, бойларында патриоттық рух, отансүйгүштік қасиеттер қоса дами береді деп ойлаймын. Төл өнерімізді ойын форматында көрсетіп, қызықтыра білсек, елімізге пайдалы болары сөзсіз.