Жадраев қола үшін венгриялық қарсыласпен белдеседі: жарыстың тікелей эфирі

Қазақстандық балуан Демеу Жадраев (77 кг) Загребте өтетін 2025 жылғы әлем чемпионатында қола медаль үшін күреседі.
2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері жұбату белдесуінде украиналық Игорь Бычковты 3:1 есебімен жеңіп, жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.
Қола үшін белдесу бүгін кешкі финалдық сессияда өтеді. Қарсыласы — жартылай финалда жапониялық Нао Кусакеден жеңілген венгр балуаны Роберт Аттила Фритш.
Финалдық белдесулер сағат 21:00–де басталады. Жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді Sport+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады.