Хоккей әрдайым өмірімнің бір бөлігі болып қала береді: Роман Старченко спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді

Хоккей әрдайым өмірімнің бір бөлігі болып қала береді: Роман Старченко спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді

Қазақстандық хоккейші, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Роман Старченко әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіби хоккейшілік мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport+.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтайтынымды ресми түрде жариялайтын сәт келді. Бұл өмірімдегі ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Хоккей маған ұмытылмас әсерлер мен сансыз жақсы естеліктер сыйлады.

Ең алдымен, ата-анама және отбасыма алғыс айтқым келеді. Уақыттарыңызды арнап, жеңілістерімде бірге уайымдап, жеңістеріме бірге қуандыңыздар. Сіздердің қолдауларыңыз болмаса, бұл жолдан өте алмас едім.

Сондай-ақ, мұз айдынында бірге өнер көрсеткен барлық әріптестеріме, бірге жұмыс істеген бапкерлеріме, клубтардың басшылығы мен қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. Ешбір жеңіс жалғыз адамның еңбегімен келмейді. Әрбір жетістіктің артында көптеген жанның маңдай тері жатыр.

Ерекше алғыс жанкүйерлерге! Сіздер ең жарқын сәттерде де, ең қиын кезеңдерде де жанымнан табылдыңыздар. Сіздер үшін өнер көрсету мен үшін зор мәртебе болды. Сіздер әрдайым жүрегімде қаласыздар!

Хоккей әрдайым өмірімнің бір бөлігі болып қала береді. Алда мені жаңа белестер, жаңа мақсаттар мен жаңа сын-қатерлер күтіп тұрғанына сенімдімін», — деді тәжірибелі хоккейші. 



Күн шежіресі