Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» «Қуаныш» командасын тізе бүктірді
Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионаты бірінші турының жексенбі күнгі ойындары аяқталды, деп хабарлайды Sport +.
Өз спорттық жолында сегіз мәрте ел чемпионы атанған талдықорғандықтар биылғы маусымды сәтті бастап, суперкубокты төртінші рет жеңіп алды. Ал соңғы жылдары жүлделі орындардан көрініп жүрген солтүстікқазақстандықтар (бас бапкері Азамат Есімов) биыл Азия клубтық чемпионатында өнер көрсетіп, төртінші орынға табан тіреген болатын.
Бұл жолы командалар партиялар барысында алма-кезек алға шыққанымен, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері жеңісті жұлып алды – 3:0 (25:23, 25:23, 25:21).
Көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:11, 25:17, 25:12) есебімен ұтқан «Қарағанды» 12 ұпаймен турнир кестесінде топ бастап келеді.
Ұлттық лигаға биыл қосылған «Грация KZ» (Орал) командасын 3:1 (25:17, 12:25, 25:11, 25:9) есебімен жеңген Өскеменнің «Берелі» 11 ұпаймен екінші орында. «Жетісу» 10 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.