Вячеслав Буцаев «Барыс» хоккей клубына бас бапкер болып тағайындалды
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубына бас бапкер қызметіне Вячеслав Буцаев тағайындалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Барыс» канадалық маман Дэвид Немировскимен келісімшартты үзді.
Онымен бірге Макс Маркович пен Стив МакГичи де бапкерлер құрамынан кетті.
«Барыстың» бас бапкері қызметіне Вячеслав Буцаев тағайындалды. Бапкермен жасалған келісім осы маусымның соңына дейін есептелген.
В. Буцаев ойыншы ретінде Олимпиада және әлем чемпионы атанған, Ресей және Швеция біріншіліктерінде топ жарған.
Одан бөлек, Ұлттық хоккей лигасында 130-дан астам матч өткізген.
Вячеслав Геннадьевич ҚХЛ-да ЦСКА, «Сочи» және «Нефтехимик» командаларының бас бапкері болған.
Соңғы рет жаттықтырушы «Витязь» клубын бас бапкер қызметінде Құрлықтық хоккей лигасының 2022-2023 жылдар маусымында команданы плей-офф кезеңіне шығарды.
Елордалық команданың бапкерлер құрамында Евгений Королев, Талғат Жайлауов, Олег Ромашко, Андрей Шаянов, Кирилл Легчаков пен Сергей Тамбулов қызметін жалғастырады.