logo

US Open: Александр Шевченко алғашқы жеңісіне қол жеткізді

US Open: Александр Шевченко алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Қазақстанның екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 83-орында тұрған германиялық Доминик Кепфермен өткізді. Қарсыластар осыған дейін Индиан-Уэллсте (АҚШ) кездесіп, онда қазақстандық спортшы 6:3, 1:6, 7:6 (7:3) есебімен жеңген еді.

Шевченко матчты сәтті бастап, алғашы екі сетте 6:3, 7:5 есебімен басым түсті. Бұдан кейін Кепфер де қарап қалмады – 7:5. Дегенмен қазақстандық теннисші өз дегеніне қол жеткізді – 6:2.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 9 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Кепфер 1 эйс, 4 брейктен (10 брейк-пойнт) аса алмады.

Александр Шевченко үшінші айналымға шығу үшін америкалықтар, әлемнің 20-ракеткасы Фрэнсис Тиафо немесе рейтингіде 76-сатыдағы Александр Ковачевичтің біреуімен таласады.

Бүгін тағы бір қазақстандық, рейтингіде 188-орындағы Тимофей Скатов әлемнің 7-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачпен кездеседі. Өткен жылы Шевченко да, Скатов та алғашқы айналымнан аса алмаған еді.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін рейтингіде 194-сатыдағы аустралиялық Дестани Айявамен ойнайды. Сондай-ақ рейтнгіде 32-орындағы Юлия Путинцева әлемнің 25-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен шеберлік таластырады.