Ұлар Жақсыбаев: Ұлттық құрамаға өз көмегімді тигізуге дайынмын
«Қызылжар» клубының қорғаушысы Ұлар Жақсыбаев Sport Plus Qazaqstan берген сұхбатында Ұлттық құраманың кеңейтілген тізімінде екенін білгендегі сезімімен, қандай команданың жалақы қарызын өтемей жүргені жайлы бөлісті.
— Мансабыңда алғаш рет Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне ендің. Қандай сезімдесің?
— Ұлттық құраманың кеңейтілгең тізіміне енгеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта нақты тізімге еніп жатсам өз көмегімді тигізуге дайынмын.
— «Ақсу» Премьер-лигадан шығып қалғаннан кейін, мансабыңды қандай командада жалғастыруға ұсыныстар болды? Павлодарлық командамен ОЖЖ-ға аттанғаныңмен, не себепті «Қызылжарды» таңдадың?
— Бірнеше командалардан ұсыныс түсті, бірақ уақыт өте өз болды. Тандауым «Қызылжар» командасына түсті. Олар 2023 жылғы маусымда сәтті өнер көрсетті. Бапкерлік құрам, ұжымдағы жігіттер таныс болғасын осы команда сапына қосылу дұрыс деп шештім.
— «Ақсу» клубы жалақы бойынша қарызды толықтай өтеді ме?
— Бүгінгі таңда бұл клуб тарапынан менің алдымда қарыздар жабылмады.
— Петропавлдық команадада бастапқы құрамнан ойып орын алдың. Бас бапкер Али Алиевтің қолдауы сезіле ме?
— Иә, бапкердің қолдауы әрине сезіледі. Негізгі құрамда ешкімге орын дайын тұрған жоқ. Сол себепті, бас бапкердің айтқан талаптарына сай болу керек деп ойлаймын.
— «Қызылжар» командасында қорғаныс шебінде позицияңды жие алмастырасың. Өзіңе қай позицияда ойнаған ыңғайлы?
— Жалпы оң және сол жақтанда (орталық қорғаушы ретінде — Sport Plus Qazaqstan) өзімді еркін сезінемін.