Титул үшін төбелесуі мүмкін: Шавкат Рахмоновтың менеджері тосын мәлімдеме жасады
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахманов «Номадтың» UFC-дегі келесі жекпе-жегі туралы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жақында аустралиялық файтер Джек Делла Маддалена UFC 299 турниріндегі жеңісінен кейін октагонда тұрып Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырған еді. Рахмонов бұл шақыруға жауап қайтарды.
Қазақстандық файтердің менеджері Саят Абдрахманов Мадделана мен Рахмоновтың кездесуі қаншалықты мүмкін екенін айтты.
Маддаленамен жекпе-жекке шығу тек басқа атышулы файтерлермен күш сынасу қолжетімді болмағанда ғана мүмкін болады. Егер Колби Ковингтон мен Усман Шавкатпен жекпе-жекке шығуға келіспесе, тек Джек Делла Маддалена қалады.
Сондай-ақ бәрі Леон Эдвардс пен Белал Мухаммадтың арасындағы бәсекеге байланысты. Егер олардың жекпе-жегі жақын арада өтетін болса және Шавкат жуырда октагонға шығуға дайын емес екенін ескерсек, онда бірден титул үшін жекпе-жек өткізуге болады. Мұндай нұсқаны мен де жоққа шығармаймын, – деді Абдрахманов.
Қазір UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде Шавкат Рахмонов үшінші, ал Джек Делла Маддалена бесінші орында тұр.