Станислав Черчесов: Мені ештеңе таңғалдырмайды
Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов «СЭ» басылымына берген сұхбатында өзінің жұмыс орнын босатуы туралы ақпаратқа қалай жауап бергенін және қазіргі уақытта немен айналысып жүргенін айтып берді, деп хабарлайды Sport+.
– Қазіргі таңда Мәскеудің Сокольники саябағында серуендеп жүрмін, жұмыс жайлы ойланудамын. Сейсенбі күні Түркия чемпионатында «Адана Демирспор» сапында үшінші рет қатарынан гол соққан шабуылшымыз Абат Айымбетовпен сөйлестім. Сол лигада ойнап жүрген жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдиновтың ойынына, «Тобылдан» кетуі мүмкін Ислам Чесноковтың жағдайына бақылау жүргізіп отырмын. Желтоқсан айында жарақаттан кейін өзін жақсы көрсеткен «Ахматтың» шабуылшысы Максим Самородовпен, қалпына келу курсынан өтіп жатқан қорғаушы Нұралы Әліппен, әрине, капитан Асхат Тағыбергенмен және басқа да ойыншылармен байланыстамын. Барлық ойыншыларға келесі жиынға дейін орындалуы тиіс тапсырмалар берілді, біз футболға да, өмірге де қатысты мәселелерді талқылап отырамыз. Жалпы, жаттықтырушылар штабы мен өзім жұмыс істеп жүрмін.
– Қазақстандық БАҚ-та тараған сіздің жақын арада қызметіңізден кететініңіз туралы ақпарат сізді таңғалдырмады ма?
– Мені ештеңе таңғалдырмайды. Біріншіден, әрдайым нақты деректерге сүйенемін, болжамдарға емес. Екіншіден, мұндай ақпаратты жоққа шығару немесе растау – Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) міндеті. Сейсенбі күні федерация ресми мәлімдеме жасап, онда негізгі дерек бар: Қазақстан құрамасының бас бапкері – Станислав Черчесов. Сондықтан мен алдағы жылдың наурызында басталатын 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне байланысты мәселелермен айналысудамын. Бұл тұрғыда біз орындап жатқан міндетті бағдарлама бар, оны құрамалар департаментімен бірге жүзеге асырып жатырмыз.
– ҚФФ-тың жаңа президенті Марат Омаровпен сөйлестіңіз бе?
– Әзірге жоқ. Жаңа басшының өзіндік жұмыс кестесі болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ бізге сөйлесу қажет – әлем чемпионатына іріктеу дайындығына қатысты міндетті бағдарламадан бөлек, талқылауды қажет ететін мәселелер бар. Себебі футболда уақыт өте тез өтеді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық қазақстандық жанкүйерлерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын, мықты денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін!