«Қайрат» – «Ақтөбе» матчындағы дау: Жанкүйерлер билеті болса да стадионға кіре алмаған
Алматыда өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» футбол клубтарының кездесуінде кейбір жанкүйерлер билет алса да, стадионға кіре алмаған, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Әлеуметтік желілерде билеті бар көптеген жанкүйерлердің матчқа кіргізілмегені туралы бірнеше шағымдар пайда болды.
Матч басталар алдында стадион сыртында халық жиналғаны хабарланды. Барлық орындар толтырылған соң күзет қақпасын жауып, билет сатып алған және басқа қалалардан келген жанкүйерлер ойынды тамашалау мүмкіндігінен қағылды.
Желіде жылап жатқан мектеп оқушысының видеосы тарап жатыр. Бір видеода жиналғандар «Ашыңдар» деп ұрандатып жатыр.
Жанкүйерлер «Қайрат» футбол клубын матчты нашар ұйымдастырды деп айыптауда.