«Ордабасы» Норвегия құрамасының шабуылшысын құрамына қосты
«Ордабасы» Норвегия ұлттық құрамасының бұрынғы шабуылшысы Бьорн Йонсенмен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзінің кәсіби мансабында Йонсен Норвегияның «Тёнсберг» және «Русенборг», Португалияның «Лолетану» және «Атлетику Лиссабон», Нидерландының «АЗ», «АДО Ден Хааг» және «Камбюр», Оңтүстік Кореяның «Ульсан Хёндэ» және «Сеул», сондай-ақ Грузияның «Торпедо Кутаиси» клубтарында өнер көрсетті. Сонымен қатар ол АҚШ, Шотландия және Болгария чемпионаттарында да ойнаған.
2017–2021 жылдары Йонсен Норвегия құрамасы сапында 16 матч өткізіп, 5 гол соқты.
Айта кетейік, өткен жылы норвегиялық шабуылшы УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде «Ордабасыға» қарсы матчта «Торпедо Кутаиси» сапында ойнап, дубль авторы атанған болатын және өз командасының келесі кезеңге өтуіне үлес қосқан.
Жалпы мансабында ол 381 матч өткізіп, 147 гол соғып, 23 нәтижелі пас берген.