Нұрқожа Қайпановтың әйелі Марина: Спортшы жеңілгенде отбасынан басқа қасында ешкім болмайды
Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановтың әйелі Марина Седнева журналист Ақырыс Сейітқазы подкастында балуандар отбасының ерекшеліктерін, қиындықты қалай еңсеретінін айтты, деп хабарлайды Sport+
«Нұрқожа 2,5 жыл бойы сәтсіздікке ұшырады. Мен жарыста да, үйде де қасындамын. Дайындалғанын, қиналғанын бәрін көріп жүрдім. Спортшының өмірінде құлдырау кезеңі болады. Психологиялық және физикалық жағдайына куә болдым.
Жарысқа барып жеңілгенде, қасында ешкім болмай қалады. Сол сәтте мен жанынан табылып, қолдауға тырысамын. Өзіме де осындай сәттер қиынға соғады. Шыдай алмай жылаймын. Әлеуметтік желіде де менің жылаған көп тарап кетіпті. Кейін Нұрқожа әлем чемпионы атанғанда, көп адам сол видеоларды өзіме жіберді.
Нұрқожа жеңіліп, көңіл-күйі жоқ үйге келеді. Үйде отырып не өзгерту керек, қай бағытта жұмысты арттыру керек деп талқылаймыз. Тіпті не өзгертсе де, сәтсіздік сериясы тоқтамағанда күресті қоямын деп те айтып қалатын», деп бір көз жасын сығып алды Марина.