Михаил Кравец «Барыстың» трансферлерін бағалады
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ-ға берген сұхбатында жаңа маусым алдында команда сапына қосылған легионерлердің трансферлеріне баға берді, деп хабарлайды Sport+.
«Дэй мен Приски — оң қолмен ойнайтын, белсенді хоккейшілер. Бейнематериалдарды қарап, қорғаушылармен жұмыс істейтін жаттықтырушымен сөйлескеннен кейін-ақ олардың бізге сәйкес келетінін түсіндім және трансферлерін мақұлдадым. Екеуінің де ҚХЛ-да ойнаған тәжірибесі бар, бұл жерде тұрып көрген, сондықтан бейімделу процесі жеңілірек өтеді.
Пилонға келетін болсақ, бізге дәл осындай орталық шабуылшы қажет болды — әмбебап, қозғалысы жақсы ойыншы. Ол көбіне плеймейкер ретінде ойнайды, бірақ гол соғуды да біледі. Бэйли — ірі денелі жігіт, қорғаныста да ойнау дағдылары бар, екі бағытта да пайдалы, шайба үшін жақсы күреседі, АХЛ-да көп гол соққан. Сонымен қатар оның НХЛ-да ойнау тәжірибесі бар, «Сан-Хосе» сапында толық бір маусым өткізді.
Ал Шепард АХЛ Кубогын екі рет жеңіп алған. Сонымен қатар ол Америкада Дэй және Джейк Массимен бір командада ойнаған. Жігіттердің оны жақсы танитынына және олардың арасында белгілі бір «химия» бар екеніне үміт артамыз».