logo

Мейрамбек Қартбай: Жолдама алғаным таң қаларлық жағдай болған жоқ

Мейрамбек Қартбай: Жолдама алғаным таң қаларлық жағдай болған жоқ

Мейрамбек Қартбай еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасына жолдама иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Күрес түрлерінен лицензиялық турнирлер легі аяқталғанымен, ресейлік спортшылардың шеттетілуіне байланысты United World Wrestling (Халықаралық күрес федерациясы) тізімді қайта қарастырып, квота берілген мемлекеттерді жариялады. 2023 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында Мейрамбек Заур Угуевке жол берген. Бұл біріншілікті жолдамалар салмақтағы үздік бестікке берілген еді. Олимпиадаға санаулы күн қалғанда Парижге баратыны белгілі болған ақтөбелік балуан Sport Plus Qazaqstan тілшісімен өз әсерімен бөлісті:

«Олимпиадаға баратыныма өте қуаныштымын! Бұл — әр спортшының арманы деп білемін. Боз кілемге алғаш қадам басқан күннен Олимпиадаға баруды аңсадық. Шыны керек, қатты таң қаларлық, күтпеген жаңалық болған жоқ біз үшін. Өйткені жаттықтырушыларымыз осындай жағдай болуы мүмкін, дайын жүру керектігін әлдеқашан ескерткен. Сондықтан, осы уақытқа дейін бірде бір оқу-жаттығу жиынынан тыс қалмадым. Қазіргі уақытта Дағыстанда (Ресей) жаттығып жүрміз. Париж алдындағы соңғы дайындық кезеңін Қазақстанда өткіземіз. Қазір бәрі жақсы, тыңғылықты жұмыс жүргізудеміз. Қазақ еліне Олимпиада жүлдесін сыйлағым келеді»

Мейрамбек Қартбай - 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, қазіргі уақытта еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте төртінші орында.



Күн шежіресі