Магомед Адиев: 25 мамырдан кейін ұлттық құраманың жұмысына қайта ораламыз
Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев еліміздің бас командасының бапкерлер штабы қандай жұмыс жүргізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Егер біз штабтың жұмыс сәттері туралы айтатын болсақ, онда біздің жұмысымыз тоқтамайды деп айтамын. Иә, қазір біз Қазақстанда болып, чемпионат ойындарын бақылай алмаймыз, бірақ бізде ұлттық құраманың барлық футболшылары мен үміткерлері бойынша ақпарат бар. Бұл ақпаратты біздің адам — Евгений Коструб қадағалайды, сонымен қатар ақпарат жинау бойынша ұлттық құрамалар департаменті үлкен көмек көрсетеді. Қазір біздің штабтың міндеті — клубтағы жұмысты аяқтау және 25 мамырдан кейін құраманың жұмысына егжей-тегжейлі кірісу», — деді Адиев.
Магомед Адиев 5 сәуірде грозныйлық «Ахмат» командасының тізгінін ұстады. Соңғы жылдары Қазақстан құрамасын жаттықтыратын маман клубты Ресей чемпионатында қалдыру мақсатында жұмысқа кіріскен болатын.