Гарретт Пилон: Қазір өзімізге сырт көзбен қарап, әрі қарай жылжуымыз керек
«Барыс» хоккей клубының жаңадан қосылған ойыншысы Гарретт Пилон Sport+ сайтына берген сұхбатында астаналық команданың Уфада өткен Башқұртстан Республикасы Кубогындағы алғашқы ойынына қорытынды жасады.
Қазақстандық клуб турнир қожайыны «Салават Юлаевтан» 1:4 есебімен жеңілді.
— Гарретт, жаңа лигадағы сен үшін алғашқы матч. Әсерің қандай?
— Иә, жаңа команда, жаңа серіктестер, жаңа ойын жүйесі. Барлығына тезірек бейімделуге, дұрыс әрекет жасап, командаға пайдамды тигізуге тырысып жатырмын. Әрине, қайта бейімделуге біраз уақыт қажет. Өзіммен жұмыс істеуді жалғастыра беремін.
— «Салават Юлаевқа» қарсы матчта жаңа ойын үйлесімдерімен шықтыңыздар. Бұл нәтижеге қаншалықты әсер етті?
— Жалпы, оқу-жаттығу жиындарында бізде жастар көп болды. Олар үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Турнир барысында жаттықтырушылар олардың мүмкіндіктерін іс жүзінде бағалай алады. Ал ойын үйлесімдеріне келетін болсақ, кімнің кіммен ойнайтынына қарамастан, біз мұзға шығып, өз жұмысымызды орындауымыз керек.
— Бүгін жас ойыншылар Ляпунов пен Симоновпен бірге матчтың басым бөлігін өткіздің. Олар туралы не айта аласың?
— Олар — жақсы, болашағы зор ойыншылар. Менің ойымша, бізде жақсы сәттер болды, әсіресе бірінші және екінші кезеңдерде. Қайта айтамын, барлығымыз дұрыс әрекет жасауға тырыстық және кейбір дүниелер бізде қазірдің өзінде жақсы шығып жатты.
— Жалпы қарсылас пен ҚХЛ деңгейі туралы не ойлайсың?
— Уфа командасының құрамында ойынға ықпал ете алатын шебер хоккейшілер көп. Оларда қозғалыс жақсы, көп жүгіреді, қысыммен ойнайды. Бұл — өте мықты команда.
— Бүгін «Барыста» көп сан басымдығы болды. Бірақ әзірге гол соғу мүмкін болмады. Бұл да эксперименттік бестіктердің салдары ма?
— Жаттығуларда біз басқа үйлесімдермен ойнадық, бірақ бұл ақталуға себеп болмауы керек. Бүгін де біздің жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Олар сан басымдығын екі рет пайдаланып, гол соқты. Егер біз өз мүмкіндіктерімізді сан басымдығын жүзеге асыру кезінде пайдалана алғанда, нәтиже де, ойынның барысы да басқаша болуы мүмкін еді. Қазір өзімізге сырт көзбен қарап, әрі қарай жылжуымыз керек. Келесі ойынға дайындалуымыз қажет.