Футболдан бірінші лига: «Ақжайық» бесінші мәрте жеңіліс тапты
Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің тоғызыншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аталған турдың екінші ойын күні, 31 мамырда төрт ойын өткізілді.
Оралдың «Ақжайығы» жыл басында Премьер-лигаға шығуға үміткер командалар қатарында аталған еді. Дегенмен доп додасы барысында жанкүйерлерді қуанта алмай келеді. Небәрі төрт ұпаймен соңғы орынның бірін місе тұтып тұр.
Оралдық клуб аталған турда Қызылорданың «Қайсар-2» командасына 0:1 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде биыл бесінші мәрте жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды.
Сондай-ақ, «Арыс» өз алаңында «Таразға» 1:2 есебімен есе жіберсе, «Хан Тәңірі» командасы «Ақтөбе-2» клубын 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Ал «Оқжетпес» пен «Ұлытау» 1:1 есебіне қанағат білдірді.