Футбол федерациясының жаңа президенті қашан сайланады: министр жауабы
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан футбол федерациясының жаңа президентін таңдауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport +.
«Қазір әр федерациямен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Федерациялардың дайындық жоспары, жол картасы, өңірлерде балалардың футболмен айналысуы бағыттарын пысықтаймыз. Футбол федерациясына тоқталсақ, Әділет Барменқұлов федерация президенттігінен өз еркімен кетемін дегеннен кейін, біз оған ешқандай қарсылық таныта алмаймыз», - деді Е. Мырзабосынов.
Оның айтуынша, қазір аталған федерация басшылығына кім келетіні белгісіз.
«Футбол федерациясы – өзінің атқарушы комитеті бар қоғамдық бірлестік. Әзірге, тиісті процедуралар атқарылып жатыр және кім келетіні белгісіз. Қалай болғанда да, барлық үміткерге толық талдау жасалады. Бір айдан кейін қорытынды конференция өтіп, онда кандидаттар жарияланады. Оның мүшелігіндегі барлық аймақтар жаңа президентті сайлайды. Біз де үміткерді таңдауға қатысамыз», - деді министр.