Ерболат Досаев: Келесі жылы Орталық стадионды қайта жөндеуді бастаймыз
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясында Конференция лигасының жалпы кезеңінің бесінші турындағы «Астана» – «Челси» (1:3) матчында орын алған жағдайға пікір білдіріп, Орталық стадионды қайта жөндеу жұмыстарының басталатынын жариялады, деп хабарлайды Sport+:
– Естеріңізде болса, біз кешірім сұрадық. Матч басталғанға дейін стадионның шығыс секторының алты қатарындағы орындықтардың арасы уақытылы тазаланбады. Орталық стадионның менеджменті бұл мәселеде олқылық жіберді, сондықтан тиісті шаралар қабылданды. Жалпы атмосфераны ескерсек, барлығы матчтан ләззат алды. УЕФА тарапынан да, командалардан да ешқандай шағым болмады.
Келесі жылы біз Орталық стадионды қайта жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Жобаға сәйкес, орын саны 32 мыңға дейін көбейтіледі. Стадион барлық стандарттарға сай болады және толық жабық аренаға айналады. Бүгінде жаңа жүйе бойынша ЕРС-келісімшарт (толық дайын жобалар) концепциясы бекітілді. Бұл алаңда Еуропалық және әлемдік деңгейдегі ірі кубоктарды өткізуге мүмкіндік болады. Сонымен қатар, мен Орталық стадион басшылығына сапалы жұмыстар жүргізу үшін қосымша компанияларды тартуды тапсырдым.