Бегайым Қырғызбаева: Бізде әлі де Ұлттар лигасында топтан шығуға мүмкіндік бар

Қазақстан құрамасының бас бапкерінің көмекшісі Бегайым Қырғызбаева жаңа клуб маусымының басталуы, лиганың тарихи түрде кеңеюі және Ұлттар Лигасындағы ұлттық құраманың болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
— Бегайым, биыл Қазақстанда әйелдер командалары арасында толыққанды чемпионат алғаш рет басталды, оған 14 клуб қатысуда. Бұл оқиғаны әйелдер футболының тарихындағы маңызды кезең деп айтуға бола ма?
— Әрине, бұл — Қазақстандағы әйелдер футболының тарихындағы өте маңызды оқиға! Елдің барлық дерлік өңірлерінен командалар Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін болады, бұл әйелдер футболының дамуына үлкен серпін береді. Тікелей трансляциялар, сапалы графика, комментаторлар, статистика, әлеуметтік желілер — мұның бәрі әйелдер чемпионатына салмақ қосады.
Мен сенімдімін, бұл әйелдер футболын тамашалайтын көрермендер санын арттырады. Осы тұста мен Қазақстан футбол федерациясына әйелдер футболын қолдап, дамытуына алғысымды білдіргім келеді. Чемпионаттың кеңеюімен бірге ұлттық құрамамыз үшін үміткерлер шеңбері үш есеге дейін артады. Осы арқылы құрамамыз бәсекеге қабілетті бола түседі деп сенемін және жаңа жұлдыздар пайда болады деген үміттемін.
— Сіз биылғы маусымның фавориттері деп кімді атар едіңіз және қандай команда сенсация жасай алады деп ойлайсыз?
— Биылғы маусымның фавориттері — БИИК пен «Ақтөбе». Бұл екі команда Қазақстан атынан Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Олар легионерлермен және ұлттық құраманың үздік ойыншыларымен өте жақсы жасақталған.
Сенсация жасай алатын команда — «Қайрат». Алматы клубында өте талантты жас ойыншылар ойнайды, олар қазірдің өзінде ұлттық құрамаға шақырылып жүр. Сонымен қатар, «Қайрат» өткен маусымда жастар командалары арасындағы Қазақстан чемпионы атанған болатын.
— Сәуір айында Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасында екі жеңіске жетті. Сіз қалай ойлайсыз, команда ақтық мақсатқа жетіп, В дивизионына өте ала ма?
— Менің ойымша, биылғы жылы бізге жеребе жолдас болды. Біз Люксембург, Армения және Лихтенштейн құрамаларымен бір топтамыз. Бұған дейін біз бұл құрамаларды жеңгенбіз, және шынымды айтсам, сәуір айындағы матчтарда топтан шығу мәселесін шешіп тастаймыз деп ойладым. Бірақ, өкінішке қарай, Люксембург пен Арменияға қарсы сырт алаңдағы екі матчта ұпай жоғалтып алдық. Дегенмен, топтан шығуға әлі де мүмкіндігіміз бар, біз екі үйдегі ойында жеңіске жетіп, В дивизионына өту үшін бар күшімізді саламыз.