«Барыс» хоккей клубы «Адмиралды» жеңе алмады
Қаңтар айындағы соңғы өз мұз айдынындағы матчта «Барыс» «Адмиралды» қабылдады, деп хабарлайды Sport+.
Кездесуді медициналық себептерге байланысты Мэйсон Морелли өткізіп алды. Ал астаналықтардың құрамына жарақатынан кейін капитан Кирилл Савицкий қайта оралды. Қақпаны бапкерлер штабы тағы да Адам Шилге сеніп тапсырды.
Ойынның бастапқы бөлігі қонақтардың пайдасына шешілді — олар жасаған екі қауіпті сәттің бірін голға айналдырды. «Екіге бір» форматындағы қарсы шабуылда Дмитрий Завгородний мергендік танытты. Екінші кезеңнің басында алаң иелері жауап қайтарды: Тайс Томпсон қарсы шабуылға екінші толқынмен қосылып, есепті теңестірді. Алайда кезеңнің ортасында Дмитро Тимашов астаналық жанкүйерлердің көңілін тағы да түсірді. Оның голы «Адмиралдың» басымдықтағы ойынының нәтижесі болғанымен, шайба қақпаға іс жүзінде «5-ке 5» форматында енді. Ал сәл кейінірек Кайл Олсон владивостоктықтар азшылықта ойнап жатқанда көзге түсті.
Қорытынды кезеңнің басым бөлігінде астаналықтар шабуыл аймағында өткізді, алайда Степан Старков пен Вячеслав Основин қарсыластың шабуыл екпінін басып отырды. Джейк Масси соққан шайба «Барыс» үшін қатарынан келген төртінші жеңілістің ащылығын сәл де болса жеңілдетті. 31 қаңтарда Михаил Кравецтің командасы Хабаровскіде «Амурмен» кездеседі.