Astana run: Елордада әуесқойлардың күзгі жүгірісі өтті
Бүгін әуесқой спортшылардың арасындағы Astana run жарысының күзгі жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
2023 жылдан бастауын алған Astana run жүгірісінің басты ерекшелігі - 4 кезеңнен тұрып, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі шара - биылғы жылдағы үшінші күзгі жүгіріс.
«Astana run жылдың төрт мезгілінде де ұйымдастырылады. Осыған дейін Триатлон, Орталық саябағында жүгірістер өтіп еді. Бүгінгі локация ретінде Ботаникалық саябақ таңдалды. Ересектерден 700-ден астам, балалар санатында 300-дей қатысушы жүгірді. Ертеңнен бастап, шешуші қысқы жүгіріске тіркелу ашылады. 1 жыл бұрын ғана алғашқы жарысымызға небәрі 200 әуесқой спортшы қатысып еді. Қысқа ғана уақытта жүгіретіндердің қатары артып жатқанына қуаныштымын» - деді жарыс ұйымдастырушысы Гүлмира Ғазизқызы.
Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.
Жарыс қорытындысы бойынша, 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында 32:37 уақыт көрсеткішімен Әлімжан Балтабек топ жарса, әйелдер арасында Әлия Тұранова 38 минутпен чемпион атанды.