Американдық ойыншы «Барысқа» ауысуын түсіндірді
Американдық Коннор Джеффри (Си Джей) Смит астаналық клубпен келісімшартқа отырғаннан кейін «Барыс» жанкүйерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Барлығына сәлем! Мен Си Джей Смитпін. Жазды керемет өткізіп жатқандарыңызға үміттенемін. Өзімді таныстырып, қалаға тезірек келіп, жаңа мәдениетпен танысқым келетінін айтқым келеді. Жаңа маусымды асыға күтемін!» – деді Смит.
Естеріңізге сала кетейік, шабуылшымен келісімшарт бір маусымға жасалған. Си Джей Смит мансабының көп бөлігін Солтүстік Америкада өткізген.
Ол Ұлттық хоккей лигасында 15 ойынға, Американдық хоккей лигасында 265 ойынға (89+117 ұпай) қатысқан. Өткен маусымда Коннор Джеффри финляндиялық «Юп» командасында ойнаған.