40 жасыма дейін төбелесе беремін: Рүстем Құдайбергенов
«Alash Pride» лигасының бұрынғы чемпионы, 23 қарашада Алматыда өтетін NAIZA лигасында бақ сынайтын Рүстем Құдайбергенов Sport+ сайтына берген сұхбатында қарсыласы Даниил Донченкомен жекпе-жекке дайындығы, алдағы жоспарлары мен ақшаға сатылатын қойылым түріндегі жекпе-жектер жайында айтты.
— Сізге NAIZA титулы үшін жекпе-жек өткізу жайында ұсыныс қашан түсті? Бұл сіз үшін күтпеген жағдай болды ма?
— Қараша айында ұсыныс түсті. Қатты қуанып, бірден келістім. Мен бұрыннан мықтылармен төбелескім келеді деп айтатынмын.
— Донченконың бұған дейінгі жекпе-жектерін тамашаладыңыз ба? Қарсыласыңыздан не күтесіз?
— Донченко — өте мықты жауынгер. Барлығын жекпе-жек барысында көрсетемін. Алдын ала ештеңе айта алмаймын.
— Жекпе-жекке дайындық Таразда өтті ме?
— Иә, Тазар қаласында «Гладиатор» спорт клубында дайындалдым. Жаттықтырушыларым Дархан және Сұлтан ағайларыма алғысымды білдіремін.
— Жақында Тамирлан Саралапов Донченкомен жекпе-жегіңізге қатысты болжам жасап, жекпе-жек барлық бес раундта созылмайтынын айтты. Өз сөзінде «Не Донченко сабмишн жасайды, не Рустем оған жақсы соққы жасайды. Мен осы жұптың жеңімпазымен төбелескім келеді» деді. Сіз бұған не дейсіз? Саралаповты өзіңізге лайықты қарсылас ретінде көре аласыз ба?
— Саралапов та — осал жауынгер емес. Мен оны өмірде құрметтеймін. Ал қалғанын төбелес кезінде октагонда көрсетемін.
— Нұрбек Қарабала билет сатылымының бір бөлігі сізге түсетінін хабарлады. Билет сатылымынан түскен қаржының қанша пайызы сізге беріледі? Алматыда ММА билеттерін сату қиындық тудырмай ма?
— Алматыда ММА жанкүйерлері өте көп. Жекпе-жегімізді асыға күтіп жүргендер жетерлік. Сол үшін билет сатылымы еш қиындық тудыра қоймас.
— Бұған дейін «Alash Pride» белбеуіне ие болдыңыз. Енді аталмыш лиганың титулы үшін Саламат Исбулаев төбелеседі. Саламатқа қатысты қандай ойдасыз?
— Саламат өте мықты жауынгер. Рустамбекпен төбелеспейтін болды ғой. Егер екеуі кездесу өткізгенде 100% Саламат жеңетін еді.
— Жалпы ММА-да жоспарыңыз қандай? Сізге шетелдік лигалардан ұсыныстар түсіп жата ма?
— 4-5 жыл шетелдік лигаларда төбелесуді жоспарлап отырмын. Тек мықтылармен жекпе-жек өткізіп, көк туымызды әлемдік ареналарда желбіреткім келеді. Әзірге шетелдік лигалардан ұсыныс түскен жоқ. Алла қаласа, 40 жасыма дейін жекпе-жек өткізетін ойым бар.
— Өміріңізде сізге ақша ұсынып, «осы жекпе-жекте ұтылшы» деп өтінгендер немесе қойылым түріндегі жекпе-жектер болды ма?
— Жоқ, ешқашан болған емес. Мен намысты ақшаға сатқан емеспін, сатпаймын да!
— Спорттан бөлек қандай қырларыңыз бар? Немен айналысасыз?
— Қазақта «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» деген сөз бар ғой, сол сияқты басқа да қырларымыз бар. Алайда ашып айта алмаймын. Жақында ғана жұмысқа орналасқан жайым бар. Бір беделді адамның жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Өзіміз аға-бауыр ретінде араласамыз. Менде бұған дейін тұрақты жұмыс болған емес. «Екі қолға бір күрек табылады» демекші, кейде құрылысшы кейде такси жүргізушісі болып жұмыс істедім.