Жынысына байланысты дауға қалған Иман Хелиф әуесқой бокстан кетті
Париждегі Олимпиада ойындарында чемпион атанған алжирлік боксшы Иман Хелиф болашаққа жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
En Nahar басылымының мәліметінше, ол баспасөз конференциясында кәсіпқой бокс әлемін бағындырғысы келетінін тілге тиек еткен.
«Жуық арада мен кәсіпқой бокс әлемінің есігін ашамын, себебі кәсіпқой жекпе-жектерге қатысу туралы көптеген өтініш түсіп жатыр», - деді Хелиф.
Оның сөзінше, ол әзірге кәсіпқой бокстағы карьерасын қай жақта бастайтыны туралы шешім қабылдамаған.
«Олимпиада немесе әлем чемпионы атану кәсіби спортта өте маңызды рөл атқарады. Біз, алжирліктер, кәсіпқой салада қай орында екенімізді көргіміз келеді», - деп қосты Хелиф.