Жібек Кулумбетова: Әрқашан кездесу алдында визуализация жасай білу керек
Сегіз дүркін әлем чемпионы, 17 жасар қазақстандық джиу-джитсу файтері Жібек Кулумбетова Sport Plus Qazaqstan арнасында қонақта болып, соңғы өткен жекпе-жек және жеке өмірі жайлы айтып берді.
– Жібек, жарыс қалай өтті?
– Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында Азия чемпионаты өтті. Бірінші рет жастар арасындағы турнирге қатысып, бірінші орын алдым. Жарыс кезінде үш кездесу өткіздім. Өте қиын жекпе-жектер болды, бірақ Алланың қалауымен жеңіске жеттім.
– Кішігірім өзіңіз туралы айта кетсеңіз?
– Мен Алматы қаласының тумасымын. Джиу-джитсумен тоғыз жасымнан айналысып келемін. Негізі осы спортқа бірінші інім келген болатын, сосын онымен бірге мен де ілесіп кеттім.
– Бірінші әлем чемпионатына барғаныңызда сізде толқу болған шығар. Оны қалай жеңе білдіңіз?
– 2018 жылы Абу-Даби қаласында болған жарыста 32 қарсылас болып, төрт кездесу өткізген едім. Барлығында уақыттан бұрын ауырту әдісімен жеңдім. Әрбір спортшыда қобалжу болады, мен болсам өзіме сендім. Кездесу алдында визуализация жасайсың, пьедесталда тұрғаныңды.
– Өзіңіздің ең қиын кездесуіңіз туралы айта кетсеңіз?
– Барлық кездесулерім қиын болды деп айта аламын, бірақ есте қалатындай болған жоқ.
– Соңғы жаңалықтардан кейін әйел қауымының джиу-джитсуға деген қызығушылығы арттырды ма?
– Иә, көбейіп жатыр.
– Өміріңізде джиу-джитсу дағдыларын қолданған жағдайлар болды ма?
– Жоқ, маған ешкім тиіспейді. Көшеде де қолданбаймын.
– Қазір сіз 17 жастасыз, спорттан бөлек мамандық таңдайтын уақытта келе жатырсыз. Осы сұраққа жауап берсеңіз?
– Бұйырса мектепті бітіремін. Спорттық мансабымды ары қарай жалғастырамын, алда спорттық туризм мамандығына түсу жоспарда бар.
– Жарыстарға барсаңыз, сабағыңызға кедергі келтірмейді ме?
– Қосымша сабақтарымды онлайн өткізіп жүрмін. Мұғалімдерім мені әрқашан қолдап жүреді.