Заңғар Нұрланұлы – Шымкенттегі халықаралық турнирдің финалында
Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында Shymkent Open ITF J200 турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші, жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде 149-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы жартылай финалда үндістандық Сентхил Кумарды (102 ITF Juniors) айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2.
Қазақстанның жас жұлдызы финалда жарыстың 3-ракеткасы, сербиялық Никола Йовичпен (95 ITF Juniors) бас жүлдені сарапқа салады.
Заңғар қазіргі кезде нағыз бабында деуге болады. Ол бір апта бұрын Ферғана (Өзбекстан) ITF Juniors J200 додасында финалға дейін жеткен еді.