World Boxing ұйымындағы басшылық лауазымдарға ұсынылған ресми үміткерлердің тізімі жарияланды
Халықаралық бокс федерациясы World Boxing алдағы Конгрессте өтетін сайлауға жіберілген үміткерлердің соңғы тізімін жариялады, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Дауыс беру 2025 жылдың 23 қарашасында Рим қаласында өтетін Конгресс отырысы барысында ұйымдастырылады.
Барлық үміткер Sport Resolutions ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін үш тәуелсіз халықаралық сарапшыдан құралған Тәуелсіз бағалау комиссиясының тексерісінен өтті. Комиссия олардың кәсіби талаптарға сәйкестігін бақылап, мақұлдаған үміткерлерді ғана сайлауға жіберді.
Құзырлы орган 2025 жылдың қазан айында түскен барлық өтінішті қарап, комиссия оң қорытынды берген үміткерлерді сайлауға қатысуға рұқсат етті.
Президент лауазымына жалғыз үміткер — Геннадий Головкин. World Boxing Жарғысына сәйкес, егер басшылық қызметке бір ғана үміткер ұсынылса, Конгресс оны баламасыз негізде, яғни бірауыздан мақұлдайды.
Президент сайлауынан бөлек, күн тәртібіне вице-президент пен Атқарушы комитеттің екі мүшесін сайлау енгізілген. Төменде бекітілген үміткерлердің тізімі берілген.
Вице-президент лауазымына үміткерлер:
— Чайват Чотима (Таиланд)
— Иштван Ковач (Венгрия)
— Райан О’Ши (Канада)
Атқарушы комитетке үміткерлер:
— Мулуд Бузьян (Франция)
— Норберт Келлер (Бельгия)
— Иштван Ковач (Венгрия)
— Донатас Мачянскас (Литва)
— Михаэль Мюллер (Германия)
— Тацуя Накама (Жапония)
— Райан О’Ши (Канада)
Сайлау өткізу тәртібі
Конгресс — World Boxing ұйымының жоғары басқару органы. Римдегі отырысқа вице-президент Дина Гликидис төрағалық етеді. Сайлау процесін тәуелсіз құрылым қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бақылаушылар қатысып, барлық рәсімнің ашықтығы мен регламенттің сақталуын қадағалайды.