«Тұран» өз тарихында тұңғыш рет волейболдан ел чемпионы атанды
Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Чемпиондық атақ үшін таласта «Тұран» (Түркістан) мен «Берел» (ШҚО) командалары екінші кездесуін өткізді.
Бірінші партияда түркістандықтар 10:14 есебімен жеңіліп жатыр еді.
Осы кезде допты ойынға қосқан Сана Анарқұлованың шеберлігі арқасында «Тұран» таразы басын теңестіріп қана қоймай, алға шықты — 15:14.
Сет соңына таман Жанна Сыроешкина да доп беруде шеберлік танытты. Ал нүктені Сана қойды — 25:23.
Екінші партияда «Тұран» айқын басымдылықпен жеңді — 25:14. Р.Гилязутдинов байланыстырушы Елизавета Мейстерді, Орал волейболының тағы бір түлегі Зарина Ситқазинованы қосып көргенімен, одан ештеңе өне қойған жоқ.
Үшінші сетте түркістандықтар 16:8 есебімен алға кетті. Ақыры қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ — 25:11.
Өскеменнің «Берелі» күміс жүлдені қанағат тұтты.