logo

Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» мен «Берел» алтынға таласады

Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» мен «Берел» алтынға таласады

Түркістанда әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында финалға жолдама алған екінші клуб белгілі болды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Бұл жолы «Қуаныш» (СҚО) пен «Тұран» (Түркістан) командалары үшінші кездесуінде өзара мықтыны анықтады. 

Жүлделі орындардан дәмелі «Тұранның» құрамы Орал волейболының түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Алтайдың» сапында әлденеше рет ел чемпионы атанған әрі ұлттық құраманың капитаны болған Сана Анарқұлова, сербиялық байланыстырушы Анжела Веселинович секілді белгілі ойыншылармен толықтырылғаны белгілі.

Сондай-ақ Майра Колдина, Жанна Сыроешкина, либеро Сандуғаш Асанова, ресейлік Елена Самойленконың қатарына биыл қытайлық Сунь Сяосюань қосылды.

Бірінші партия солтүстікқазақстандық қыздардың айқын басымдылығымен аяқталды – 25:19. Есесіне екінші сетте есеп «Қуаныштың» пайдасына 24:21 болған мезетте Асқар Шалқыбековтің шәкірттері таразы басын теңестіріп кетті. Ақыры олар 34:32 есебімен басым түсті. Үшінші партияда түркістандықтар онша қинала қойған жоқ – 25:17.

Төртінші сетте «Тұран» еш мүмкіндік берген жоқ – 25:16. Осылайша, «Берел» (ШҚО) мен «Тұран» алтынға таласатын болса, «Қуаныш» пен «Жетісу» (Талдықорған) қола жүлде үшін сынға түседі.