Павлодарда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталды
Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші туры өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Баянтау» спорт кешенінде турнир кестесінде көш бастап келе жатқан «Қуаныш» (СҚО) пен «Айқаракөз» (Талдықорған) командалары алғашқы болып алаңға шықты.
Мұнда солтүстікқазақстандықтар қарсыластарын 3:0 (25:8, 25:21, 25:9) есебімен оңай ұтып, ұпай санын 35-ке жеткізді.
Дегенмен қалған командалар да «Қуанышты» алысқа ұзатқысы келмейтіні анық. Орталық кездесуде өскемендік «Берель» «Алматыны» 3:0 (29:27, 25:23, 25:21) есебімен тізе бүктіріп, 33 ұпаймен екінші орында келеді.
Ел чемпионы болғанымен, барлық белді ойыншылары кетіп, тек жастармен жасақталған «Алтай» (Өскемен) командасын 3:0 (25:15, 25:15, 25:23) есебімен тізе бүктірген «Қарағанды» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Павлодардың «Ертісін» өз алаңында ойнағанына қарамастан, 3:0 (25:10, 25:20, 25:20) есебімен сан соқтырған «Жетісу» (Талдықорған) 25 ұпай жинап, төртінші сатыдағы «Алматыны» қуып жетті.
Сейсенбі күні орталық матчтар «Қуаныш» - «Берель» және «Жетісу» - «Тұран» (Түркістан) арасында өтеді.
Үшінші тур ойындары 29 қаңтарда мәресіне жетеді.