Шымкентте қыздар арасындағы юниорлық Билли Джин Кинг кубогының жартылай финалистері анықталды

Шымкентте қыздар арасындағы юниорлық Билли Джин Кинг кубогының жартылай финалистері анықталды

Шымкентте 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Билли Джин Кинг кубогының Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирі жалғасуда. Ширек финалдық кезеңнің нәтижесі бойынша жартылай финалға шығып, әлем чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алған төрт құрама белгілі болды.

Өкінішке қарай, Қазақстанның юниорлар құрамасы ширек финалда Оңтүстік Корея теннисшілеріне жол беріп, жарыстың келесі сатысынан тыс қалды. Жалпы есеп – 0:2.

Жекелей сындағы алғашқы кездесуде Мәриям Нұржан кореялық Ким Сохёнға 1:6, 2:6 есебімен есе жіберді. Екінші матчта Каролина Лигай алғашқы сетте басым болғанымен, қалған екі сетте қарсыласы Ли Еринге жол беріп қойды – 6:2, 6:7 (3:7), 4:6. Осы жеңілістен кейін Қазақстан құрамасының жалпы жеңіске жету мүмкіндігі қалмады. Нәтиже шешіліп қойғандықтан, жұптық кездесу өткізілмеді.

 
Енді отандық жас теннисшілер 5-8 орындар үшін таласты жалғастырады. Келесі қарсылас – ширек финалда Тайбэй өкілдерінен 1:2 есебімен ұтылған Қытай құрамасы.

Жартылай финалдық жұптар:Жапония – Австралия
Тайбэй – Оңтүстік Корея
Әлем чемпионатының шешуші кезеңі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Турнир өтетін орын әзірге бекітілмеді.

Шымкенттегі бұл іріктеу кезеңі Азия және Океания аймағындағы 16 үздік юниорлық құраманың басын қосты. Beeline Arena халықаралық теннис орталығындағы бәсекелер 16 мамырға дейін жалғасады. Ал 18 мамырдан бастап дәл осы корттарда ерлер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу – Дэвис кубогының аймақтық турнирі бастау алады.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!
Әр сағат сайын A’SU ішіңіз



Күн шежіресі