logo

Шымкенттегі екінші ATP Challenger турнирінің жеңімпазы анықталды

Шымкенттегі екінші ATP Challenger турнирінің жеңімпазы анықталды

Шымкентте ATP Challenger 50 сериясымен өткен екінші турнирдің жекелей сыны өз мәресіне жетті. Жарыс жеңімпазы болып 25 жастағы бельгиялық Бувайсар Гадамаури (№357 ATP) танылды.

Үндістан өкілі Манас Манодж Дхамнеге (№444 ATP) қарсы өткен финалдық кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды. Тартысты өткен бірінші сетте Гадамаури тай-брейкте басым түссе, екінші партияда да сол қарқынын жоғалтпай, ойынды 7:6 (8:6), 6:4 есебімен аяқтады. Бұл — бельгиялық теннисшінің кәсіби мансабындағы алғашқы ATP Challenger титулы.

Бұған дейін жұптық сынның да үздіктері белгілі болған еді. Хорватиялық Адмир Календер мен Мили Поличак дуэті 1 сағат 37 минутқа созылған финалда Виктор Дурасович (Норвегия) пен Кай Венельт (Германия) тандемін 6:2, 6:7, 10:5 есебімен ұтты.

3 мамырдағы финалдық ойындармен Шымкентте 19 сәуірден басталған кәсіби турнирлер топтамасы толық аяқталды. Екі аптаға созылған ауқымды додаға әлемнің 25-тен астам елінен келген спортшылар қатысты.