Самбодан әлем чемпионаты: ел қоржынында - 3 алтын, 5 күміс, 9 қола
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында самбодан (спорттық, жауынгерлік, зағип жандар арасында) әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport +.
Қазақстан самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің айтуынша, ел құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола, барлығы 17 медаль жеңіп алды.
Қазақстандық самбошылар әлем біріншілігінде алғаш рет бірден үш алтын алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Жарыстың соңғы күні, әсіресе, Нұрила Асанқызы ерледі. Жауынгерлік самбодан 80 келіден жоғары салмақта күрескен Нұрила мұрны сынса да, аяғына дейін төзіп, түрікменстандық Сабина Ағажанованы ұтты.
Алтын медальға спорттық самбодан батысқазақстандық Серікбай Неғмет жақын болды. Грузиялық Елизбар Түркиямен тартысты жекпе-жек 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірақ соңғы ұпайды грузиялық алғандықтан, жеңіс соған берілді.
Сонымен қатар Талғат Жиентаев (жауынгерлік самбо, +98 келі), Бақытжан Дүйсембеков (жауынгерлік самбо, 79 кг) күміс медаль алса, Қымбат Ахмет (жауынгерлік самбо, 50 келі) пен Асқар Қайыровқа (зағиптар санаты, 98 келі) қола бұйырды.