Қазақстан ҰОК мен JOY Billiards хейболды дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан ҰОК мен JOY Billiards хейболды дамыту мәселелерін талқылады

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстанның бильярд спорты федерациясы және Қытайдың JOY Billiards компаниясының өкілдері кездесу өткізді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстанда хейболды дамыту және бұл спорт түрін ірі халықаралық жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстан ҰОК атынан бас хатшы Әлімжан Ақаев пен бас директор Нұрлан Нөгербек қатысты. Сонымен қатар кездесуге JOY Billiards компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Цяо Юаньсюй, компанияның бас менеджері Чжан Сяопин және Қазақстанның бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеев қатысты.

Тараптар хейболды 2030 жылы Дохада (Қатар) өтетін Азия ойындары мен 2032 жылы Брисбенде (Аустралия) ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Қытайлық сегіздік деген атпен де белгілі хейбол — бильярдтың бір түрі. Қазіргі уақытта бұл спорт түрі халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. 2025 жылы хейбол Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындар бағдарламасына алғаш рет енгізілді.

JOY Billiards өкілдері хейболды түрлі елде кеңінен насихаттау және оның географиялық ауқымын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазақстандық тарап бұл спорт түрін халықаралық деңгейде дамыту үшін кезең-кезеңмен әрекет ету қажеттігін атап өтті. Алғашқы кезекте оны Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйымдастыруымен өтетін жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарының бірі ретінде Азияның зияткерлік спорт түрлері қауымдастығымен (AMSA) байланыс орнату мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ тараптар 2027 жылы Кувейтте өтетін киберспорт және зияткерлік спорт түрлері бойынша Азия ойындары аясында хейболды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда хейболды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ұлттық федерация өкілдері спорт түрін кеңінен насихаттау, қажетті спорт инфрақұрылымын дамыту және жаттығу мен жарыс өткізуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар туралы мәлімет берді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Орталық Азияда хейболды дамыту, сондай-ақ оны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.



Күн шежіресі