Саят Абдрахманов «UFC-де келесі сен» деді: Аян Тұрсын
OCTAGON лигасының чемпионы, кәсіпқой мансабындағы алты жекпе-жекте жеңіліп көрмеген Аян Тұрсын 2 қараша күні Астана қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында өнер көрсетеді. Осыған орай аралас жекпе-жек шебері Sport+ сайтына сұхбат беріп, дайындығы, қарсыласы, UFC-мен келісімшарт жайында айтып берді.
— Осы аптада өтететін жекпе-жекке дайындығыңыз қалай? Қай жерде кіммен дайындалдыңыз?
— Аллаға шүкір жақсы, жақсы формадамын. Бұйырса, әдемі жекпе-жек көрсетуге, жеңіске жетуге барымды саламын. Бірінші кезең, яғни оқу жаттығу жиынын ММА-дан Қазақстан ұлттық құрамасымен өткіздім. Екінші кезеңде Triumph fights залында командаммен бірге дайындалдым. Жаттықтырушым Данеш Дүнгенбаев пен физикалық дайындық жағынан жаттықтырушым Мухамеддинің жетекшілігімен өздеріңізге белгілі боксшы Алуа Балқыбековамен бірге жақсы оқу-жаттығу жиынынан өттім.
— Қарсыласыңыздың деңгейін қалай бағалайсыз? Ұсыныс кімнен түсті?
— Ұсынысты менеджерім Нураддин Садықов айтты. Жаттықтырушыммен ақылдаса отырып, ұсынысты қабылдадық. Әрі қарай жаттықтырушыларыммен бірге қарсыласымды әбден бақыладық, жекпе-жектерін қарап шықтық. Қарсыласым — осал емес. 30 жекпе-жектей өткізген өте тәжірбиелі, казіргі таңда UFC-да өнер көрсетіп жүрген қыздарды ұтқан жауынгер. Енді біз де кітапханадан шыққан жоқпыз, жаттықтырушыларыммен қойған тактикамыз бар. Бұйырса бәрін бойда көретін боласыздар. Алла қаласа, жеңіс үшін барымды салатын боламын!
— UFC-ге бару жоспарыңыз жайлы айтып едіңіз. Бұл бағытта не істеп жатырсыз? Қашан сізді UFC-ден көре аламыз?
— Иә, UFC — менің арманым. Өз тарапымнан қолымнан келгеннің бәрін істеп жатырмын. Өзімді физикалық тұрғыдан, күрес жағынан, яғни барлық бағыт бойынша дамытып жатырмын. Енді бұл жалғыз маған ғана байланысты емес. Менджерлердің де жұмысы өте маңызды. Сол себептен әзірге күтіп жүрмін. Тура мына күн деп айта алмаймын. Бірақ Алла қаласа, ол күнгеде аз уақыт қалды деп ойлаймын. Бекзат Алмахан UFC-ге контракт алған кезде Саят Абдрахмановтың инстаграм желісінде дайректіме «келесі сен» деп жазғаны бар.
— Кіммен жекпе-жекке шығар едіңіз? Өзіңізге лайық қарсылас ретінде кімді атай аласыз?
— Маған қарсыластың кім болатыны маңызды емес. Кіммен болсада, төбелесуге дайынмын. Әсіресе UFC болса, қарсылас таңдамаймын. UFC — менің ММА дағы басты арманым. Сол себепті қарсылас ретінде кімді берседе төбелесіп, өзімді көрсетуге, Қазақ қыздарының мықты екенін дәлелдеуге барымды саламын!
— Өткен Азия ойындарында жартылай финалда ұтылып, көз жасыңызға ерік беріп едіңіз. Сол сәтте не нәрсеге өкіндіңіз? Немесе қандай нәрсеге ренжідіңіз?
— Ол кезде Азия ойындарының алтынын алғым келіп, бірінші орын алуға ниеттеніп барған едім. Халықаралық жарыстарға көп шықпағандығдықтан, қытайлық қарсыласымды ұтуға аздап тәжірбием жетпей қалды. Негізінде, Азия ойындарының іріктеуінде де қиын болған. Алғашқы іріктеу кезінде жарақат алып, ұтылып қалғанмын. Одан кейін емделіп, екіншісіне жолдаманы ұтып алғаным бар.
— Жалпы өмірде, спортта қаншалықты жиі эмоцияларға ерік беріп жатасыз?
— Енді бізде эмоция жекпе-жектен кейін шығады ғой. Оған дейін өзімізді ұстап үйреніп қалғанбыз. Бірақ осы жекпе-жекке дайындық барысында, қиын болған кездерде бір жылап алғаным бар. Әрине, ешкімге көрсетпей. Дегенмен көз жасын сүртіп жіберіп, ары қарай еңбек ете беремізғой!
— Рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!