Бақдос Олжабай: Керимов — өте ақылды жауынгер, екеуміздің жекпе-жегіміз шахмат сияқты болады
АСА лигасының қазақстандық жауынгері Бақдос Олжабай Sport+ сайтына берген сұхбатында Рустам Керимовпен жекпе-жекке дайындығы, мансабындағы үзіліс туралы және Белал — Рахмонов текетіресіне болжам жасады.
— Бақдос, кезекті жекпе-жекке дайындық қалай өтіп жатыр?
— Алланың қалауымен жекпе-жекке дайындық жақсы өтті. Негізі қысқа уақыт ішінде ұсынысты қабылдадым. Негізі мен лигадан жекпе-жек сұраған едім, олар 3,5 апта бұрын қарсыласты ұсынды. Жеңіске деген құлшыныс жоғары, мен қазір ашпын.
— Қарсыласыңыз Рустам Керимов туралы қандай ақпарат жинап үлгердіңіз?
— Қарсыласым өте тәжірибелі, жақсы жауынгер. Дайындық кезінде бапкерлермен ақылдастым. Дәнеш ағайменде ақылдастым, ол маған: «сенің уақытын келді, оны ұрып аласын» деді.
— Керимов АСА лигасында соңғы үш жекпе-жекте екі рет техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұған дайынсыз ба?
— Кейбір қарсыластар ыңғайлы болады, кейбіреулері ыңғайсыз болады. Керимов — өте ақылды файтер. Екеуміздің жекпе-жегіміз шахмат сияқты болатын сияқты. «Мықты мен мықты кездескенде, айлакер, қу алып жығар шағысқанда» деп бекер айтылмаған. Өзім осындай жекпе-жек болатынын сезіп тұрмын.
— Жыл басындағы соңғы жекпе-жектен кейін үзіліс созылып кетті. Бұл фактор кері әсерін тигізбей ме?
— Иә, ақпан айында төбелестім соңғы рет, біраз жарақат болды, соларды емдеп, жүріп қалдым. Бірақ спорттан алыстаған жоқпын, жаттығу залында болдым. Негізі әр спортшыда мансабында ойланып-толғанып алатын үзіліс болады. Бұл осындай уақыт болды деп ойлаймын.
— Интернеттегі ақпаратқа сенсек, сіз Керимовтан 10 см жоғарысыз. Бұл жекпе-жекте басымдылық бере ме?
— Керимов — негізі 61 келі салмақта өнер көрсететін жауынгер, ал мен 66 келіде өнер көрсетемін. Жекпе-жекте өзімнің үстемдігімді, бойымың ұзындығымды пайдаланамын деп ойлаймын.
— АСА лигасының ТОП-10 жауынгерлердің ішінен кіммен төбелескіңіз келеді?
— Лига маған қарсыластарды таңдап бермейді. Мұнда мықты жауынгерлер мен жас проспекттер өте көп. Кімді береді — сонымен төбелесеміз. Мен мықтылармен шығуға қорықпаймын. Мықтылармен төбелесу, керісінше, мені уәждемелейді.
— Желтоқсан айында UFC-де жерлесіміз Шавкат Рахмоновпен лиганың чемпионы Белал Мұхаммад арасында жекпе-жек өтеді. Осы текетіресте болжамыңыз қандай?
— Шавкат ағамызға Алла жар болсын. Сәттілік тілеймін. Менің ойымша, Белал 2-3 раундтарда күресуге тырысады, жекпе-жек толық бес раундқа созылады. Ал бесінші раундта Шавкат жігер мен мінезінің арқасында нокаутпен жеңеді деп ойлаймын. Рахмонов — мықты, рухты жігіт.