logo

Садриддин Ахмедов: Ендігі мақсатым – белбеуді жеңіп алу

Садриддин Ахмедов: Ендігі мақсатым – белбеуді жеңіп алу

Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (15-0, 13 КО) Калифорния штатының Санта-Инез қаласында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде америкалық Рафаэль Игбоквені (17-6, 7 КО) мерзімінен бұрын жеңгеннен кейінгі эмоцияларымен бөлісті, деп хабарлайды Sport+.

Еске салсақ, Ахмедов қарсыласын он раундқа жоспарланған кездесудің жетінші раундында техникалық нокаутпен тоқтатты.

«Өзімді керемет сезінемін, себебі Биг Бэрде менің «жынды» бапкерім Абель Санчеспен бірге өте көп тер төктім. Қазақстаннан қолдау көрсеткен барша достарыма, бауырларыма алғыс айтамын. Промоутеріме, менеджеріме және Абельге ерекше рақмет. Ол күн сайын таңғы 7-де мені «өлтіргісі» келді», — деді Ахмедов жекпе-жектен кейін.

Қарсыласынан не күткенін сұрағанда, Садриддин Игбоквенің соққыларға шыдамдылығына таң қалғанын атап өтті.

«Ол өте шыдамды жігіт, мұны бірінші раундтан байқадым. Бірақ мен де шыдамдымын», — деді Ахмедов рингтегі сұхбатында.

Садриддин Абель Санчеспен бірге жұмыс істеумен қатар, Геннадий Головкинмен де серіктес болған танымал промоутер Том Леффлермен де ынтымақтасады.

Жеңістен кейін Ахмедов болашаққа деген жоспарларын бөлісіп, өзінің қалыпты салмағы саналатын бірінші орта салмаққа қайта оралуды көздеп отырғанын айтты.

«Бұл менің дивизионом емес, бұл орта салмақ. Мен бұл салмақта өзімді сынап көрдім, бірақ қайтадан салмақ түсіріп, бірінші орта салмаққа оралуым керек. 154 фунтқа қайта оралып, белбеулерді, барлық белбеуді жеңіп алуым керек», — деп мәлімдеді Ахмедов.

Сөз соңында Садриддин бұл жеңісін Қазақстанға және Тәуелсіздік күніне арнайтынын айтты.



Күн шежіресі