IBA әлем чемпионатында топ жарған боксшыларға 8 мың доллардан береді
IBA жастар арасындағы әлем чемпионатының медаль иегерлері мен ширек финалистеріне 500 мың доллар сыйақы тағайындады, деп хабарлайды Sport +.
Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Монтенегроның Будва қаласында өтіп жатқан IBA жастар арасындағы ерлер және әйелдер әлем чемпионатында жеңіске жеткендерге $500,000 АҚШ доллар көлемінде сыйақы тағайындады.
Ерлер арасында 13 салмақ және әйелдер арасында 12 салмақ дәрежелері бойынша ширек финалға өткен спортшылардың әрқайсысы ақшалай сыйақы алады. Ширек финалистерге 1 мың доллардан беріледі, қола медаль иегерлері 2 мың доллар, күміс медаль иегерлері 4 мың доллардан алатын болады. Ал алтын медаль үшін сыйақы мөлшері 8 мың долларды құрайды.
«Біздің бұл әрекетіміз боксшыларды қолдайтынымыздың дәлелі болмақ. Біз орындалмайтын уәделер бермейміз және IBA әрдайым спортшыларды бірінші орынға қоятынын мақтан тұтамын. Бұл жас спортшылар үшін ерекше маңызды, өйткені олардың элиталық топқа ауысуына бір қадам қалды. Жеңімпаздарды құттықтайтын сәтті асыға күтемін», – деп мәлімдеді IBA Бас хатшысы және бас директоры Крис Робертс.
Турнирдің ширек финалдағы кездесулері 29-30 қазанда, 31 қазанда жартылай финалдар өтеді, ал 2-3 қараша күндері финалдық жекпе-жектер өтеді.
Ширек финалға жалпы саны 43 мемлекеттен боксшылар өтті. Ең көп жолдама алған елдер: Өзбекстан – 19 спортшы, Қазақстан – 18 спортшы, Ресей – 16 спортшы, Қытай – 13 спортшы, Румыния – 11 спортшы және Польша – 10 спортшы.