Ризабек Айтмұхан: Жаңа қарсыласым Кайл Снайдер алғаш рет әлем чемпионы атанғанда, мен 11 жаста едім

Қазақстандық еркін күрестен әлем чемпионы, 20 жастағы Ризабек Айтмұхан Caravan.kz тілшісіне Алматыда 25 ақпанда өтетін PWL 8 турнирінде Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, 29 жастағы америкалық Кайл Снайдермен кездесуге дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Sport+.
Айтмұхан бала кезінде әлем чемпионаттарында Снайдердің белдесулерін тамашалап, 10 жыл өткен соң оның қарсыласына айналатынын елестете де алмағанын мойындады.
«2015 жылы Кайл алғаш рет әлем чемпионы атанғанда, мен 11 жаста едім. Оның белдесулерін қарап, мұндай аңыз спортшылармен бір күні күресетінім туралы тіпті ойламадым. Кайл Снайдер мен Абдурашид Садуллаев — біз үлгі тұтқан балуандар. Сондықтан Кайлмен күресу — мен үшін үлкен құрмет» — деді Ризабек Айтмұхан Алматыдағы жекпе-жек алдында.
Снайдер — Айтмұхан ресми жарыстарда кездесетін алғашқы Олимпиада чемпионы емес. 2024 жылы ол Азия чемпионатында Бахрейн балуаны Ахмед Тәжудиновпен күресіп, 2:4 есебімен лайықты қарсылық көрсетті. Ризабек мықты қарсыластармен белдесу өзін одан әрі күшейтетініне сенімді.
«Кайл Снайдер, Ахмед Тәжудинов — 97 келі салмақ дәрежесіндегі еркін күрес тарихындағы нағыз аңыз спортшылар. Бірақ мен алдағы кездесуде және болашақ жарыстарда жеңіске жету үшін бар күшімді саламын. Біреуді ерекшелеп, кімнің мықты екенін айтуға келмейді. Әр қарсылас өзінше мықты, ең мықтысы жеңіске жетсін» — деді Айтмұхан.
Өз дайындығы туралы айта келе, Ризабек жаттығу жұмыстары жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Біз қарсыласымыздың кім екенін білдік және жаттықтырушылармен бірге жеке жоспар құрдық. Біз тек күрес кілемінде ғана емес, тауда да жаттықтық, физикалық және функционалдық дайындықты да толық өткіздік, себебі қарсылас осал емес. Қазіргі таңда 97 келі салмақ дәрежесіне толық бейімделдім. Алғашында қиын болды, себебі физикалық тұрғыдан әлсіздеу едім. Бірақ жастар арасындағы әлем чемпионаты мен 23-24 жасқа дейінгі жарыстардан кейін бұл салмақта өзімді өте жақсы сезінемін. Енді толықтай бейімделдім» — деді Айтмұхан.