logo

Қазақстан жастар құрамасы Словакияға жол берді

Қазақстан жастар құрамасы Словакияға жол берді

Шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатындағы үшінші ойынын Словакияға қарсы өткізді, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.

Бұл ойында қазақстандық жастар қарсыласына тегеурінді қарсылық қарсылық көрсетті. Словакиялық хоккейшілер осал емес. Олар алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Бірінші кезеңде Словакия хоккейшілері үш шайба енгізіп үлгерді. Екінші кезеңде оған Артур Гросс пен Асанәли Сәркенов екі голмен жауап қатты. Одан кейін қарсылас құрама тағы бір мәрте көзге түссе, Дәулет Нүркенов және Кирилл Ляпунов таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 4:4 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда словакиялық хоккейшілер жеңіс шайбасын соғып кетті. Осылайша қарсыласына 4:5 есебімен есе жіберген қазақстандық хоккейшілер аталған турнирдегі алғашқы ұпайына ие болды. 

Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы ойынын бүгін, 31 желтоқсанда сағат 22:00-де Швейцарияға қарсы өткізеді. Дүбірлі дода 26 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Канада астанасы Оттава қаласында өтіп жатыр. Қазақстандық хоккейшілер B тобында Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия құрамаларымен сынға түседі.