Қазақстан әйелдер құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2027 жылғы маусымындағы қарсыластарын біледі
3 қарашада Швейцарияның Ньон қаласында әйелдер арасындағы УЕФА Ұлттар лигасының 2027 жылғы маусымының топтық кезеңіне жеребе тартылады. Церемония Астана уақытымен сағат 17:00–де басталады, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы С лигасында өнер көрсетеді және жеребе тарту кезінде екінші себетке орналасады.
С лигасында барлығы 22 ұлттық құрама бақ сынайды, олар алты топқа бөлінеді. Төрт топ төрт құрамадан, ал тағы екі топ үш құрамадан құралады.
С лигасының жеребе тарту себеттерінің құрамы:
1-себет: Словакия, Израиль, Черногория, Латвия, Мальта, Люксембург.
2-себет: Хорватия, Қазақстан, Әзербайжан, Фарер аралдары, Молдова, Босния және Герцеговина.
3-себет: Эстония, Кипр, Армения, Грузия, Болгария, Солтүстік Македония.
4-себет: Андорра, Лихтенштейн, Гибралтар, Сан-Марино.
Ұлттық құрамалардың A, B және C лигаларына бөлінуі әйелдер арасындағы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінің қорытынды рейтингі негізінде жүргізілді.
Жеребе тарту кезінде УЕФА-ның арнайы шектеулері қолданылады. Бөлек тоқталсақ, Әзербайжан мен Армения құрамалары бір топқа түсе алмайды.
Бұдан бөлек, алыс қашықтыққа ұшуға байланысты шектеулер де қарастырылған. Бұл Қазақстан құрамасының Мальта, Андорра және Гибралтар командаларымен бір топқа түсу ықтималдығына қатысты.
Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының УЕФА Ұлттар лигасы-2027 топтық кезеңіндегі қарсыластары 3 қарашадағы жеребе қорытындысы бойынша белгілі болады.