Қарағанды ММА-сын дамытқым келеді: Абылайхан Шаратов
Аралас жекпе-жек шебері Абылайхан Шаратов Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында NAIZA 68 турниріндегі жекпе-жекке дайындығымен бөлісіп, Фаниль Рафиков пен Мохаммед Хейбати арасындағы жекпе-жекке болжам жасады.
– Қарағандыда өтетін Naiza 68 турнирінің басталуына санаулы күндер қалды. Жекпе-жекке қай жерде, қалай дайындалып жүрсіз?
– Ақтөбеде «Еркін күш» командасында Айбек Шоқпытов ағайымызбен дайындалып жатырмын.
– Қарсыласыңыз туралы не біле алдыңыз? Оның осал тұсы неде екен?
– Қарсыласым - үндістандық жігіт. Рекорд - 4/1. Естуімше таэквондомен айналысады. Күрес жағынан нашар деп ойлаймын.
– Турнирдің туған жеріңізде ұйымдастырылуы қосымша мотивация бере ме? Өзге қалаларға қарағанда Қарағандыда төбелесу қандай әсер сыйлайды?
– Әрине, Қарағандыда өнер көрсету қосымша мотивация, жігер береді. Нұрбек Қарабаламен ақылдасып, келісіп, біраз жұмыс атқардық. Қарағандыда төбелесудегі мақсат - қарағандылық жастарды спортқа тарту, Қарағандыдағы ММА-ны дамытып, жанкүйерлерді қуанту. Ағайын-туыс, бауыр, жора-жолдастардың қолдауға келетіні қуантады. Қай жерде төбелессең де, жеңіл болмайды. Әр жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен шығамын.
– Неліктен дзюдодан ММА-ға ауысу туралы шешім қабылдадыңыз?
– Дзюдодан ММА-ға ауысу себебім - артымнан ерген дзюдошыларға жол көрсетіп, олардың төбелесе алатынын дәлелдеу. Дзюдо олимпиадалық спорт түрі болғандықтан мықты жігіттер өте көп. Алайда бәрі бірдей Олимпиадаға бара бермейді. Олимпиадаға бара алмай қалған дзюдошылардың спортты қойып кетпеуі үшін ММА арқылы мансап жолын жалғастыруға болатынын көрсету үшін келдім.
– ММА дзюдошыларға қиынырақ деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Дзюдодан ММА-ға ауысу аса қиын емес. Бізде ауырту, қылқындыру әдістері бар. Әрине әр спорттың өз ережесі, заңдылықтары бар. Үйрену біраз уақыт алғанмен, қалыптасып кету ондай қатты қиын емес. Кәсіби түрде тыңғылықты дайындалғанмен де біраз уақыт алады. Сондықтан ешбір спорттың оңайы жоқ.
– ММА-дағы мансабыңызға қандай мақсаттар қоясыз?
– Мен дзюдо, қазақша күрес, самбодан бағымды сынадым. ММА жолында өте үлкен мақсаттар тұр. Сол мақсатқа жету үшін біраз еңбек етемін!
– Турнирдің басты жекпе-жегі Фаниль Рафиков пен Мохаммед Хейбати арасында өтеді. Бұл белдесуге болжамыңыз қандай?
– Мен жерлесіме жанкүйер боламын. Фанильдің жеңетініне ешқандай күмәнім жоқ! Ол - жоғары дәрежедегі, өте мықты жанкүйер. Күреске өте мықты, тұрып төбелесу жағын жолға қойған. Оның жеңетініне 100 пайыз сенімдімін!
– Рақмет! Жекпе-жекте жеңіске жетуіңізге тілектеспіз!