logo

UFC-ге барар жол өмірімнің біраз бөлігін алды: Дияр Нұрғожай

UFC-ге барар жол өмірімнің біраз бөлігін алды: Дияр Нұрғожай

Жақында қарсыласын нокаутқа жіберіп, UFC-ге жолдама алған қазақстандық жауынгер Дияр Нұрғожай Sport Plus Qazaqstan сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, UFC-ге барар жолда қандай қиындықтардан өткенін, дебюті қашан болатынын айтты.

— Дияр, DWCS-ге дейін Америкада Kill Cliff залында жаттықтыңыз. Ол жақтағы жаттығу Қазақстандағыдан несімен ерекшеленеді?

— Иә, біз Қазақстаннан Флоридадаға ұшып, Майами қаласындағы Kill Cliff залына бардық. Зал өте жақсы. Командалық рух өте мықты. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық бапкерлерге алғысымды білдіремін. Шынымды айтсам, аса қатты ерекшелік жоқ. Өзіне тән тұстары бар десек те, алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бәріміз бір деңгейде жаттығамыз.

— Генри Хуфт пен Саид Сапаровтан қандай әсер алдыңыз? Не үйрендіңіз?

— Генри Хуфт пен Саид Сапаров — өте мықты бапкерлер. Генри — кикбоксингтен бас бапкер. Өте қарапайым жігіт. Залға алғаш барғанымызда өзі алдымыздан шығып, күтіп алды. Не істеу керек, қайда бару керегін түсіндіріп, акклиматизация жағына дейін айтып берді. Көп жаттықпай, тынығып алыңдар деді. Саид Сапаровтың аудармашы ретінде біраз көмегі тиді. Кішкене күрес жағынан көмектесті. Дияс Қабдуовпен бірге тактикалар қойды. Яғни, өте жақсы жігіттер, өте мықты бапкерлер.

UFC-ге барар жол өмірімнің біраз бөлігін алды: Дияр Нұрғожай

— Залдағылардың еліміз жайлы ойы қандай екен? Сізден басқа Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың тынбай жаттығатынын ескерсек, қазақ спортшылары туралы не дейді?

— Иә, Шавкат пен Асу бұрыннан сол жерде жаттығады. Біз жаттығу залына көк туымызбен бірге кірдік. Сол кезде «О, Қазақстаннан қонақтар келді» деп құшақтап, жақсы қарсы алды. Олар Шавкаттың өте жоғары деңгейде жаттығатынын біледі, қалай төбелесіп жүргенін көріп жүр, яғни қазақ жігіттерінің жайдан-жай жүрген біреулер еместігін біледі. Соны біз спарингте, күресте дәлелдедік. Қазақтың намысы үшін қай жерде болсын соңына дейін жаттықтым, соңына дейін төбелестім.

— Бартош Шевчукпен жекпе-жегіңіз сіз жоспарлағандай болды ма?

— Жекпе-жек ойдағыдай болды. 1-ші немесе 2-раундта уақытынан бұрын ұтамын деп ойлағанмын. Бойы менен ұзын болды ғой, дистанция жағын реттеу керек болды. Сол дистанцияны жақсылап алған соң, жекпе-жектің 2-3 минутында-ақ жеңетінімді білдім.

— Дана Уайт сіздің есіміңізді атаған кезде қандай сезімде болдыңыз?  Әлде әуелден солай боларына сенімді болдыңыз ба?

— Шынымды айтсам, бізде UFC-ге жолдама алуға қатысты ондай қатты жоспар болған жоқ. Не болса да соңына дейін төбелесіп, осы жекпе-жекте жеңіске жету деген мақсат болды. UFC келісімшарт ұсына ма, жоқ па ол жағын кейін көре жатармыз деп қойғанбыз. Бүкіл ТМД, барша қазақ елі маған жанкүйер болды. Нокаут болмағанда, мен шаршасам да, шаршамасам да, соңына дейін төбелесетін едім.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от АКАДЕМИЯ ЕДИНОБОРСТВ «TOBET TOP TEAM» 🏴‍☠️ (@tobet.top.team)

— UFC лигасына барар жолда қандай қиындықтардан өттіңіз?

— UFC-ге барар жол өмірімнің біраз бөлігін алды. 8 жекпе-жек өткізіп, Eagle FC-дің белбеу ұтып алдым. Содан кейін мені алған жарақаттарым мазалай бастады. Біраз күттім. Сосын Саят (Абдрахманов — Sport Plus Qazaqstan) менеджермен келісімшартқа отырдық. Ол «сен әлі жассың, дұрыстап жаттыға бер, мен өз жұмысымды істеймін» деп айтты. Біраз уақыт өткен соң «Болды, Дана Уайтпен келісімшартқа отырамыз, соған дайын бол, дұрыстап жаттық, дисциплина ұста, дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтан!» деді. Негізінде мен былтыр төбелесуім керек еді. Бірақ болмай қалды. Ол жерге түсу оңай емес. Сосын басқа жекпе-жектер іздей бастадым. Әлемдегі ең үздік лигалардың бірі саналатын PFL тұжырымында 2019 жылы чемпион болған аргентиналық Эмилиано Сордимен төбелесетін болдым. Оны 1-раундта Алланың қалауымен ұттым. Сол жекпе-жектен 2 апта өткен кейін келісімшарт ұсынды. Бірден келісіп, Алматыдан Астанаға ұшып келіп, бүкіл дайындықтан өттім. Ал Америкада Kill Cliff-та кішкене салмақ қуу, спарингтер басталды.

— Үміткерлер сериясы турнирінің ұйымдастырылуы көңіліңізден шықты ма?

— Өте жақсы деңгейде өтті. Әуежайдан күтіп алып, 5 жұлдызды қонақ үйге орналастырды. UFC қызметкерлері жоғары деңгейде жұмыс істейді. Бүкіл нәрсесі тап-таза, бәрі жақсы, ойдағыдай өтті.

— Дебютіңіз қашан болады?

— Ол жағынан менеджер және бапкерлерімізбен бірге ақылдасамыз. Алла бұйыртса, дебютті қаңтар-ақпан айларында өткізетін шығармыз. Шынымды айтсам, ол менеджерге байланысты. Жекпе-жек өткеніне әлі бір апта өткен жоқ, әлі нақты білмейміз.

— Жеңісіңізден кейін Диас Қабдуов демалуға рұқсат берген шығар. Әлде жаттығуға кірісіп кеттіңіз бе?

— Жаттығуға әлі оралған жоқпын. 1-2 апта демаламын. Кейін залға оралып, қайта дайындыққа кірісемін. Иә, Диас Қабдуов демал деді. Бірақ, ең алдымен, Алматыдағы отбасыма барып, анамның бетінен сүйіп, мауқымды басамын.

UFC-ге барар жол өмірімнің біраз бөлігін алды: Дияр Нұрғожай

—  Диас Қабдуовтың мықтылығының сыры неде?

— «Tobet Top Team-дегі» бас бапкеріміз Диас Кабдуов — Қазақстандағы ең үздік жаттықтырушылардың бірі. Аса қатты құпиясы жоқ. Ең бірінші, тәртіп керек. Тәртіп болса, биік белестерді бағындыра береміз деп ойлаймын.

— «Tobet Top Team» командасынан UFC-ге келесі кім барады? 

— Бізде өте мықты файтерлер бар. Ең үздік, UFC-ге бір табан жақын тұрған 2-3  жігіт бар. Магомед Кабардиев, Жасұлан Әкімжан, Көшен Ақанов өте жоғары деңгейде төбелесіп жүр. Америкаға визалары бар. Келесі оқу-жаттығу жиынына, бұйырса, бірге барамыз. Осы аталған жігіттер келесі UFC файтерлері болады деп ойлаймын. Қазақстан спортшылары жайлы айтсам, MMA бойынша өте мықты жауынгерлер бар. NAIZA чемпиондары, әлем чемпиондары көп. Қаншама рет Қазақстан чемпионы болған файтерлер бар. 2 жылдан кейін Қазақстаннан біраз жауынгер UFC төрінен төбе көрсетеді деп ойлаймын.

— Келесі аптада сіздің командадағы әріптесіңіз Елжан Гасанов NAIZA-да жұдырықтасады. Жекпе-жекке болжамыңыз қандай?

— Бір ай Диас Қабдуов екеуміз Kill Cliff залында болдық. Елжан Гасановты «Tobet top team-нің» тағы бір бас бапкері Нұртас Әлімбаев жаттықтырды. Елжан жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Шыны керек, нақты қалай дайындалғанын, спарингтері қалай болғанын көрген жоқпын. Қарсыласын 1-2 рет көргенім болмаса, танымаймын. Ол да мықты жауынгер. Бірақ Елжанға сенемін. Менің ойымша, жекпе-жек 50/50 болады. Кім мықты сол жеңеді.

— Отбасылық өміріңіз жайлы айтыңызшы.

— Мен үлкен отбасыдан шыққанмын. 3 ағам, 3 әпкем бар. Үйдің кенжесімін. Бала кезден спорттамын. Спорттық мансап жолым футболдан басталды. Сосын грек-рим күресіне қатысып, соңында MMA-ға келдім. Жұбайым, 8 айлық қызым бар. Дайындыққа көп уақыт кетеді. Отбасыма қиын. 3 айдан аса уақыт шешемді көрген жоқпын. Әйелімді көрмегеніме 2 ай болды. Сағынасың. Бірақ бұл — спорт. Қиындығы мен қызығы қатар жүреді.

— Рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!