«Қайсар» футбол клубы алдағы маусымдағы жаңа құрамын таныстырды
Биыл команда құрамында 25 футболшы ойнаса, олардың 11-і жаңадан келген, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жаңадан келген футболшылар сапында ел құрамасына үміткер Думан Нәрзілдаев, Айбар Жақсылықов, Тоқтар Жаңғылышбай бар.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жанкүйерлерге аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, футболшыларға жейде табыстау рәсіміне қатысты.
Жиында бас бапкер Виктор Кумыков жаңа маусымда жанкүйерлерді барынша қуантуға күш салатынын жеткізді.
«Команда құрамындағы футболшылармен бірге әрдайым жеңіске ұмтыламыз. Жоғары жауапкершілікті сезінемін», - деді бас бапкер.
Кезекті ел біріншілігіне қызылордалық клуб тыңғылықты дайындалды. Түркияда үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропаның 13 командасымен шеберлік байқасты.