Қайрат Нұрдәулетов «Атырауға» қарсы матч туралы: Әр ойында стандартты жағдайдың 2-3 нұсқасын дайындаймыз, солардың бірінен гол соқтық
«Жетісу» командасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан Olimpbet Чемпионатының үшінші турында «Атырауға» қарсы матч туралы Sport Plus Qazaqstan арнасына пікір айтты.
«Керемет әсердемін. Өте қуаныштымыз, өйткені жігіттерді ОЖЖ-дан бастап бір ұтыс болмап еді. Психология жағынан ішіміздегі мәселелерді шешу қажет болған. Жігіттерге көп-көп рахмет! Бүгін олар айтылған мақсаттардың бәрін орындады. Жеңіске деген талпынысын жақсы көрсетті. Менің ойымша «Атырау» командасы екінші нөмірмен ойнаймыз деп жоспар құрған сияқты, яғни қорғанысты жатып, қарымта шабуылдарға бел буғандай болды. Алаң сапасы және көтерілген жел ойынға сән келтірмеді, осы жағдайлар қос командаға кедергі болды. Тактикаға келетін болсақ, біздер жігіттерге екінші таймның алғашқы 15-20 минутында қорғаныста шыдау керек, себебі «Атырау» алаң иелері болған соң екінші таймның басында алға жүгіретіні анық, содан соң өзімізге гол соғуға мүмкіндіктер іздеуге кеңес бердік. Ал стандарттарға келетін болсақ, иә, осындай дайындалған стандарттарымыз бар. Әр ойында 2-3 нұсқасы болады, сол себепті бүгін солардың бірінен гол соқтық», - деді жас бапкер.